Тыңнан түрен салған Президент
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының съезінде күллі қазақстандықтардың ұсыныс-тілегін ескере отырып, сайлауға түсетінін мәлімдеуі баршамызды қуантты. Сондай-ақ, Президент партиялас серіктеріне бес бірдей халықтық реформаны жүзеге асыру міндетін қойды. Бұл – мемлекеттік құрылымды кемелдендіруге жол ашатын реформалар. Әсіресе, мемлекеттік қызмет, құқықтық сала мен азаматтық секторды жаңғыртуға көп көңіл бөлінетінін аңдауға болады.
Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап парасатты да салиқалы саясатымен елімізді бүкіл әлем қауымдастығына кеңінен танытты. Тыңнан түрен салған Тұңғыш Президент тәуелсіз мемлекеттің басым бағыттарын нығайтып, ел экономикасын еселеуге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Әлемнің барлық елдерімен көп векторлық дипломатиялық байланыс жасап, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Сонымен қатар, дүниежүзінің алдында көрегендік танытып, әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартты. Саяси өмірдегі мол тәжірибесі мен биік абыройы жаһандық деңгейдегі мәселелерді шешуде айқын көрінуде.
Елімізде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау саясаты ерекше рөл атқаруда. Көптеген ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына жинап, бүкіл әлемге ынтымақ пен берекенің үлгісін көрсеттік. Бүгінде Қазақстан бейбітшіліктің ордасы ретінде әлемге кеңінен танылып отыр. Білім іздеп, ғылыммен айналысуды мақсат еткен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның бір жарқын айғағы – «Болашақ» халықаралық стипендиясының тағайындалуы. Ел тарихының жаңа беттері ашылып, тәуелсіз Қазақстанның Көк байрағы көкте желбіреп тұр. Осының бәрі – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты саясатының жемісі мен тынымсыз еңбегінің арқасы.
Бүгінде әлемдік дағдарыстың кезекті толқыны күш алуда. Осындай сын сағатында елімізді асқаралы биіктерге бастайтын тарихи тұлғаның төңірегіне топтасуымыз ұлтымызды ұйыстыра, бірлігімізді бекемдей түседі деп ойлаймын.
Шәріпбек ӘМІРБЕКОВ,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы.
Шығыс Қазақстан облысы.
Жарқын болашаққа бағыттады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы ХVІ съезінде сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Осыдан ширек ғасырдай бұрынғы уақытпен салыстырғанда Қазақстанның қарыштап дамығанына барлығы да куә. Ол адамдардың күнделікті тірлігінен, тұрмысынан байқалып тұрады. Елде жүргеннен кейін барлығы біздің көз алдымызда.
Міне, қазір көктемнің көкөзек шағында да қиналып отырған ешкімді көрмейсің. Ауылда мал төлдеп жатыр, жұрттың еті, айран-сүті бар. Еңбек еткенге ешқандай таршылық жоқ. Елбасының бастауымен еліміздегі соңғы бес жылдағы индустриялық бағдарлама экономикалық қарышты дамуды қамтамасыз еткені белгілі. Кең-байтақ Қазақстанның басқа шалғайын айтпағанда, Қостанай өңіріндегі өндірісте де, ауыл шаруашылығында да, шағын және орта бизнес саласында да даму бар. Көз де, көңіл де қуанады.
Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың алдына шыққан сайын бірлік, достық, тыныштық туралы айтады. Халқымыз талай қиындықты бастан кешірген. Сонау 90-шы жылдардың өзінде жұрт экономикалық дағдарысты сезінді, бірақ Елбасымыздың арқасында саяси, рухани дағдарыстан аулақ болды. Соның арқасында бірлігімізге сына түспей, барлық қиындықты артқа тастаған елміз. Саяси дағдарған, берекесіздік жайлаған елдердегі қантөгісті естігенде жаның түршігеді.
Елбасы «Нұр Отан» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде азаматтық қоғамды дамыта түсуді айтты. Мен оны Елбасының өмірдің, уақыттың тамыршысындай дана саясаты деп білемін. Өйткені, азаматтық күштер қоғамдық қарым-қатынастарды дамытады. Соның арқасында қазақ жерін жайлап, отын оттап, суын сулап отырған ұлт-ұлыстар арасындағы достық, бірлік нығая түседі. Елбасы айтқан «Мәңгілік Ел» идеясының мән-маңызы осы болмақ деп білемін.
Оған менің өзімнің жеке мысалым да бар. Осы жылдың басында «Шаңырақ-Қостанай» атты қоғамдық бірлестік құрдым. Қостанай аудандық мәслихатының депутатымын, «Алтын алқалы» көпбалалы анамын. Айтпақшы, еліміз бойынша мойнында «Алтын алқасы» бар депутат әйел мен ғана екендігімді мақтаныш тұтамын. «Шаңырақ-Қостанай» қоғамдық бірлестігі арқылы Қазақстан жастарына халқымыздың дәстүр-салтын насихаттауды, ең бастысы, ұмыттырмауды, патриоттық тәрбиені шегелеуді мақсат тұттым.
Жақында «Достық үйінде» көпбалалы аналар форумын өткіздік. Оған тек қазақ әйелдері ғана емес, Қостанайдағы барлық ұлттардың көпбалалы өкілін шақырдық. Жиналғандар осы шараны толқыныстан көзіне жас алып отырып, қызықтады. Өмірге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу, отбасын сақтау, дәстүрлерді, адамгершілікті ұлықтау ешқандай ұлтқа-ұлысқа бөлінбейтін қасиетті іс. Қоғамды зиялы, зият ететін өзіміз емес пе? Елбасы нұротандықтар съезінде халқын осындай жарқын бағытқа бағыттады.
Қарлығаш БАЛАПАНОВА.
«Шаңырақ-Қостанай»
қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, көпбалалы ана.
ҚОСТАНАЙ.
Өте керек үдеріс
Әр уақыттың өз талабы болады десек, бүгінде әлем экономикасы құбылмалы жағдайды бастан кешудегі шақта оның жағымсыз ықпалына жол бермеу, тағы бір сынға төтеп беру аса маңызды мәселе болып тұрғандығы мәлім. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезіндегі сөзінде «Болашақтағы басты міндет экономикалық даму серпінін қамтамасыз ету болып отыр. Жұмыстың қорытындылары экономиканы әртараптандыруға жаңа 3-4 экспорттық өнімдердің туындауы болуға тиіс», деп атап көрсетті.
Бізге осынау міндет, әсіресе, Қарағанды облысына өте қатысты болып көрінеді. Өйткені, еліміз индустриясының тірегі және көшбасы ретінде өндірісті аймақтың басты саланы дамытуды күшейтуге мүмкіндігі бар, қосар үлесі де жеткілікті деп санаймыз. Бұған байланысты үлкен жұмыстар жүгін арқалай алары талассыз.
Мемлекет басшысының бұл тұрғыда ойлағаны тереңде деуге болады. Мәселен, экспорттық өнім өндіру көлемін ұлғайту экономиканы кемелдендіру келешегіне кепілдік беретіндігін, қазақстандық тауарлар мен заттардың сыртқы нарықта өтімді болуы заманауи өндіріс орындарының ұлғаюына, бәсекелестікке күрестің күшеюіне жетелейтіндігін, пайда көзі кеңейіп, жұрттың әл-ауқаты жақсаратындығын өңірдегі осыған байланысты істер көрсетіп келеді.
Бүгінде жергілікті кәсіпорындар таңбасы басылған жылу және мұнай құбырлары, телекоммуникациялық сымдар, құрылыс материалдары, дәрілік препараттар, кәмпиттер, ет пен сүт өнімдері бірқатар елдер тұтынушылар сұранысына ие болып отыруы соның нақты нышандарының бірі. Ал, сонымен бірге, әлі де барынша пайдалануға қол ұзармай жатқан ішкі резервтер аз еместігін айтпасқа болмайды. Мысал үшін кезінде негізі қаланған шахта техникаларын, машина жасауды қалпына келтіру арқылы экспорттық әлеуетті бұдан да жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік баршылығы ойлантарлық жай.
Шикізатқа ғана арқа сүйеудің уақыты өтуін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Елді өркендету жолындағы реформалардың Президентіміз алға қойған аталған өте тиімді моделі жаңаруға, жаңғыруға бастай түсер жол деп білеміз. Облыстық мәслихат депутаттары осы мақсатқа бағытталған жобаларды бірінші кезекте қолдауға дайын. Экономиканың жаңаша дамуына аса керек үдеріс.
Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты.
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы.
Жасампаздықтың жарқын жолы
«Нұр Отан» партиясының кезекті ХVI съезін асыға күткеніміз шындық. Өйткені, онда партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы президенттік сайлауға үміткер ретінде «Нұр Отанның» атынан түсетіні таразыға салынатынын сездік те. Мемлекет басшысының бұл ұсынысқа келісім беріп, қабыл алғаны өте дұрыс болды. Бұл барша қазақстандықтарды қуанышқа бөледі деп шын жүректен айта аламын.
Бүгінгідей дағдарысты кезеңде елдің тізгінін Н.Назарбаевтай сенімді тұлғаның ұстағаны ұтымды. Елбасы осындай тарихи да тағдырлы қадамы арқылы халқының қамын ойлайтын, елінің ертеңіне қызмет етуге дайын ұлтының ұлағатты ұлы екенін тағы бір дәлелдеді. «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVI съезінде сөйлеген сөзін теледидар алдында тапжылмай отырып көріп, тыңдадым. Оны да місе тұтпай, басылымдардан оқып, айрықша тұшындым. Мұны нағыз елінің мүддесін өзінен жоғары қоятын ұлағатты да тұлғалы азаматтың адами ақиқаты ретінде бағалап қана қоймай, Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанды әлемдік дағдарыс жағдайында да дамудың даңғыл жолымен алып шығатынына бек сендім.
Елбасы өзінің «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес халықтық реформа» атты сөзінде тарихи қысқа кезеңде еліміздің ұлы жолды жүріп өткенін, тәуелсіздік жылдары ішкі жалпы өнім 20 есе өскенін, 2010 жылдан бері халықтың табыстары – 43, ал еңбекақылары 64 пайызға өскенін атап өтті. Экономикалық ілгерілеудің мұндай қарқынын күнделікті өмірімізде көріп те жүрміз.
Өз сөзінде Елбасы «...Өз табыстарымызды арқау етіп, өзіміздің мемлекеттігімізді дамыту үшін біздің алға қарай қозғалуымыз керек. Сондықтан да мен бес институттық реформаны алға тартамын», дей келіп, олардың әрқайсысын жүзеге асырудың жолдарына тоқталды. Соның ішінде кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыру, болашағы біртұтас ұлт пен транспарентті және есеп беруші мемлекет қалыптастырудың қағидаттарына тоқталды.
Осы ретте жұмылған жұдырықтай бір жерден табылу, сөзіміз бен ісіміздің үйлесімін келтіру, ілгері дамуға әрқайсымыз барымызша үлес қосу – баршамыздың парызымыз. Еліміздің ертеңін айқындайтын жасампаздық жолы да осыны міндеттейді.
Қасымжан БАЙСАДАҚОВ,
Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.
АҚТӨБЕ.
Мемлекетке қызмет – қоғам бірлігін нығайту кілті
Біз бұдан жиырма төрт жылға жуық уақыт бұрын дербес мемлекет атандық. Бұл тек оның бастауы ғана. Өйткені, мемлекеттілікке қол жеткізу бар да, оның сақталуын қамтамасыз ету және одан әрі нығайту міндеті бар. Әрі мұның өзі мемлекеттілікке ие болудан артық болмаса, бір мысқал кем түспейтін күрделі де жауапты, сонымен бірге, сындарлы уақыт аралығын қажетсінетін ұлы іс. Қазіргі кездегі жаһандық сын-қатерлер әлемдегі 200-ден астам елдің қай-қайсына да өзінің салқыны мен зардабын тигізе алатыны белгілі болып отыр. Мемлекеттілікті нығайту мен одан әрі дамытудың қажеттілігі дәл осындай күрделі кезеңде одан әрі тереңдей түседі.
Сондықтан да съезде Президент, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттілікті дамытудың бес бірдей халықтық реформасын тайға таңба басқандай белгілеп берді. Бір сөзбен айтқанда, бұл – алға қарай үздіксіз қозғалу деген сөз. Мемлекет басшысы осы реформаның ішінде экономикалық бағдарламаларды сапалы түрде жүзеге асыру қажеттілігіне айрықша мән берді. Бұл үшін қазіргі заманғы кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппарат қалыптастыру керектігін алға тартты.
Осы тұрғыда әкімшілік мемлекеттік қызмет алдағы кезде саяси деңгейге тәуелді болмауы керек. Президент тұжырымы осындай. Мұндағы мақсат – біреу ғана. Егер таза кәсіби түрдегі басқару ісіне саясаттық белгі мен саясаттандыру салқыны араласып кетіп жатса, жап-жақсы басталған іс жарты жолда қалып қойды дей беріңіз. Мемлекеттік аппараттағы белгілі бір қамқоршының айналасында команда қалыптасатын болса, бұл әдет мемлекеттілікке көлеңкесін түсірмей қоймайды. Әрі жемқорлық үшін қолайлы жағдай туғызады. Тамыр-таныстықты туындатады.
Ең қауіптісі – мұндай тәжірибеде маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар түрлі деңгейдегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен тақыршаққа отыруы әбден мүмкін. Бұл теріс жәйттер мен құбылыстар мемлекет басшысына да құпия емес екен. Елбасының кешегі осы түйінді сөзінен кейін мемлекеттік қызметке тамыр-таныстықпен келу біртіндеп жойылады деп ойлаймыз. Республикамызда мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды әзірлеу және сыбайлас жемқорлық туралы заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі де осындай биік талаптардан туындап отырғанын түйсіндік.
Бізде мемлекеттік қызметшілерге ақы төлеу тәртібі бұған дейін теңгермешілдікке негізделіп келгені жасырын емес. Өйткені, олардың бәріне бірдей көлемде жалақы беріліп келді. Әрі оның мөлшері де жоғары емес екендігі кім-кімге де белгілі. Ендігі жерде Елбасы еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қажеттілігін алға тартты. Ол әр жылдардағы істің нәтижесіне байланысты болмақ. Яғни, әкімшілік қызметкер жақсы жұмыс істесе, жалақысы көтеріліп, іске салдыр-салақ қараса, еңбекақысы төмендемек. Президент «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ұсынған мұндай тәсіл өте әділетті деп білеміз.
Қысқасы, мемлекетке адал қызмет ету қазақстандық қоғамның бірлігін нығайтуға қажетті факторлардың бірі болмақ. Президент мәлімдеген халықтық реформаны жүзеге асырудың басты бір кілті де осы тұстан табылатыны талассыз.
Нұрбек САЙЫНОВ,
Қаратөбе ауданындағы Мұхит
орта мектебі, денешынықтыру пәнінің мұғалімі.
Батыс Қазақстан облысы.
Реформалар қажеттіліктен туындайды
Күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдікті, мемлекеттілікті нығайтуға арналған мемлекеттік басқару және экономикалық даму, орта тап құру саласында институттық реформаларды атады. Бұл реформалар қазіргі кезде аса қажет мәселелер деп ойлаймын. Өйткені, айнала тынымсыз, әлем болса минут сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан, елімізде жүзеге асырылу үстіндегі экономикалық бағдарламаларды өз деңгейінде, өркениет талаптарына сай жүзеге асыратын кәсіби, заманауи автономды мемлекеттік аппаратты құру керектігін айтты.
Мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсіби және автономды ету аса маңызды. Ал саяси қызметшілер үшін бонус және әкімшілік қызметшілерге экономикадағы қол жеткізген табыстары, олардың қызметінің нәтижелілігі үшін сыйақы төлеу керек деген ынталандыру болса, онда, әрине, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосатын патриот адамдардың алға шығары сөзсіз. Енді бір тамаша айтылған сөз мемлекеттік қызметке қабылдау үшін біліктілік талаптарын күшейту керек дегені. Барлық деңгейлерде аттестаттау өткiзу керек деген тамаша сөздерді өз басым қос қолдап тұрып қолдаймын. Біздің елге ең керегі осы – білікті мамандар және олардың қалқада қалып қоймауы.
Расында да, мемлекеттiк қызмет туралы өз елімізге лайықты жаңа заң қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Полицияға да кәсiби-психологиялық iрiктеудiң жаңа жүйесiн енгізу, полицейлердің біліктілігін үнемі арттыруды және олардың өз кәсібилігін дәлелдеулері жайлы айтқаны да маңызды. Біздер, оқытушылар үнемі студент жастар арасындамыз. Білгенімізді үйретіп, олардың өркениет талаптарына сай білімді ғылым арқылы алуларына қарай сабақ беріп, дәрістер оқимыз. Өйткені, қазіргі заман талабы жоғары. Біздің елге – білікті, білімді мамандар қажет. Замана үдерісінен қалмауымыз керек.
Студент жастардың ой-санасында елім, жерім деген патриоттық сезім, болашаққа деген сенім, елдік мүдде қалыптасты, біз соған қуанамыз. Елбасы жас қазақстандықтарға білім беру және тәрбиелеудің маңыздылығына мән беріп келеді. Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысты қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Солардың бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университет. Сөйтіп, жауапкершілік бізге, яғни университет ғалымдары мен ұстаздарына да жүктеледі.
Елбасы ұсынған реформалар қажеттіліктен туып отыр, бізге енді осы қажеттіліктер орнын толтыруымыз керек.
Қайыролла АҚАЖАНОВ,
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің профессоры.
ПАВЛОДАР.
Соны міндет, жаңа мақсат
Осыдан 15 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына келген жұмыс сапарында «Мәмбетов және К» командиттік шаруашылығына арнайы соққан. Уақытының тығыздығына қарамастан, комбайншы-механизаторлармен әңгімелесіп, күзгі орақ науқанының барысымен танысқан. Сол жолы елді мекендерді дамытуға байланысты келелі ойларымен, алдағы жоспарларымен бөлісіп, ауылдықтардың өмір сапасын жақсартуға ерекше назар аударған. Кейін Елбасымен кездескен Меңгесер жазығын тұрғындар «Президент алқабы» атап кеткен. Жыл сайын гектар өнімділігі 20-25 центнерден айналып жүр.
Бұл оқиғаны ерекше тебіреніспен еске алып отырған себебім, Президенттің кез келген Жолдауын, бағдарламаларын, сөйлеген сөздерін алып қарайық, мыңғыртып мал, жайқалтып астық өсіріп, ел ырысын телегей-теңіздей тасытып жүрген ауылдықтар мәселесі еш шет қалған емес. Кеше өткен «Нұр Отан» партиясының съезіне ұсынылған бес халықтық реформа «Қазақстан-2050» Стратегиясының қисынды жалғасы ретінде атап көрсетіліп, алға қарай қарышты қадам жасау межелері белгіленді. Оның ішінде шағын және орта бизнес, аграрлық сектор салаларына ерекше көңіл бөлінді.
Неғұрлым дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға күш-жігеріміздің де, қарым-қабілетіміздің де, экономикалық мүмкіндіктеріміздің де, басқа әлеуеттеріміздің де жететінін қазірдің өзінде аңғарып отырмыз. Тәуелсіздік жылдары ішінде ІЖӨ көлемі 20 есе өсіп, былтыр жан басына шаққанда 13 мың долларды құраған. 2010 жылдан бері халықтың табысы – 43, айлық еңбекақы 64 пайызға, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 1,4, ең төменгі зейнетақы 1,8 есе өскен. Әлеуметтік жаңғырту өзгерістерін, оның жарқын мысалдарын жергілікті жерлерден де көптеп келтіруге болады. Мәселен, соңғы уақыт бедерінде біздің шаруашылыққа қарасты екі елді мекенде заманауи спорт залдары, шағын орталықтар пайдалануға берілді. Жазғы ойын-сауық алаңы, жастар орталығы қалпына келтірілді. Мектептер мен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Еңбек адамдары жоғары жалақыға ие. Оларға арналып 20-ға жуық баспана бой көтерді.
Серіктестікте егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы да өркендеп келеді. АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан сатып алынған абердин-ангус тұқымды 200 бас тайынша 500-ге жуықтады. Репродуктор шаруашылық мәртебесі беріліп, облыста аталық малдарды сатуға арналған тұңғыш аукцион өткізілді.
Көп жылғы еселі еңбегі үшін командиттік серіктестіктің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов Тәуелсіздік сарайында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аталымы бойынша «Парыз» сыйлығының қола жүлдесін алды. Есімі «Меценаттың алтын кітабына» жазылып, күміс медальға ие болды. Мен өзім Елбасының қолынан еліміздің ең жоғары наградасы – «Отан» орденін алғанымды ешуақытта ұмытпаймын. Еңбектің еленгені, маңдай тердің өтелгені осы емес пе!
Нұрсұлтан Әбішұлы партияның жоғары форумында жариялаған сайлауалды бағдарламасында барлық дерлік мемлекеттер бастан өткеріп жатқан саяси-экономикалық сын-қатерлерге жол бермеудің, алдын алудың жаңа міндеттерін жүктеді. Сапалы өсім мен экономиканы әртараптандыруға қол жеткізу үшін индустрияландыру бағдарламасына ерекше екпін түсірілді. Оның уақтылы және қажетті шара екені еш талас тудырмайды. Бүгінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу секторын жаңа кешенді жобалар мен бағдарламалар негізінде дамытудың маңызы зор. Сол себепті жаңа жұмыс орындарын құруға, елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге айрықша басымдық берілгені қолдауға тұрарлық.
«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында атап көрсетілген басым қағидаттардың ішінде ауылдықтар үшін сапалы ауыз су мен жол жайы қашанда өзекті саналады. Меңгесерге торапты су құбыры жеткізіліп, су мұнарасы орнатылды. Құбыр тартуға шаруашылық есебінен қаражат бөлініп, 240 үйге тіршілік нәрі енгізілді. Енді озық жоба аясында Бексейіт ауылының тұрмысы түзелетін болады. Становое – Меңгесер бағытындағы жолды қалпына келтіру жұмысы жоспарлы жүргізілуде.
Елбасының «Бес халықтық реформаның әрқайсысы – ел үшін орасан зор сын-қатер және үлкен жұмыс. Мұндай реформалар тек билік пен халықтың мықты ерік-жігерімен ғана қамтамасыз етіле алады», деген сөздері әрқайсысымызға үлкен ой салуы тиіс.
Арыстан ЖҮНІСОВ,
«Мәмбетов және К» командиттік
серіктестігінің директоры,
«Отан» орденінің иегері.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
Ертеңіміз нұрлы болмақ
«Нар жолында жүк қалмайды» дейді халық даналығы. «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде көрнекті ақынымыз Ақұштап Бақтыгерееваның Елбасына арнап сөйлеген сөзіне тәнті болдық. Елдің зиялысы, халықтың қамын жейді деген әпкеміз бүгінімізден ертеңіміздің нұрлы болатындығын, ол үшін Елбасымыздың төңірегіне топтасуымыз керектігін әдемі жеткізді. Бүгінде «Қазақстан – Нұрсұлтан» деген егіз ұғым бар қазақтың мақтанып айтар сөзі. Мұндайда кеудеңді Отаныңа деген сүйіспеншілік кернейді.
Елдің қалауымен Нұрсұлтан Әбішұлының кезектен тыс президенттік сайлауға түсуге келісім бергені мемлекетіміздің ертеңге күнге деген үлкен сенімі, болашағымыздың кемелденуінің кепілі. Басқа мемлекеттердің де көгеріп, көктегенін тілейік, дәл қазір Қазақстанның дағдарыс дауылдарына соқтырмас темірқазығы бар. Ол – «Қазақстан-2050» Стратегиясы, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын, елдің басын бірлікке ұйыстыратын ұлы мақсат – «Мәңгілік Ел» идеясы.
Бүгінде дос та, дұшпан да мойындайтын ақиқат – Қазақстан нұрлы болашаққа Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бағыт ұстанғанды қалайды. Съезден кейін басқармада жиын өткізіп, Президенттің Қазақстанды өркендету жолындағы бес халықтық реформасы талқыланды. Оңтүстікте 3 миллионға жете халық бар. Спортшылар – сол халықтың ең үлкен бөлшегі. Баршасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа биіктерге, жаңа жеңістерге бастайды, сайлауға қол жиямыз деп құлшынып отыр.
Әлібек НҰРТАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы.
ШЫМКЕНТ.
Тұрақты дамудың кепілі
Ең алдымен, «Нұр Отан» партиясының XVI съезі өте жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткенін атап айтқым келеді. Екіншіден, «Нұр Отан» партиясы еліміздің ең үлкен саяси ұйымы болғандықтан оның ұйымдастырған съезі де Қазақстанның қоғамдық өмірінде өте елеулі оқиға ретінде бағаланады. Ал, үшіншіден, саяси тұрғыдан алғанда, съезде партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзін мемлекеттік бағдарлама мазмұнындағы құжат ретінде қабылдадық.
Әрине, съезге жиналған қауымды ең бірінші «Партия Төрағасы президенттік сайлауға үміткер ретінде түсуге келісім бере ме, әлде басқа ой айта ма?» деген сауал толғандырғаны жасырын емес. Елбасы өз сөзінде бұл мәселеге өте терең толғаныспен қарағанын және халықтың пікірінен аса алмайтынын жеткізді. «Біз алға жылжуымыз қажет. Сондықтан мен алдымызда тұрған күрделі, жаңа міндеттерді іске асыру үшін өз кандидатурамды ұсыну жөнінде сіздермен келісетін болармын»,– деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Тұтастай алғанда, Елбасы өз сөзінде осыған дейінгі бағыт-бағдарымыздан айнымай, өзіміздің даму жолымызбен жүре беретінімізді айтты. Себебі, халыққа ең керегі – тұрақтылық пен бейбіт өмір. Ал Елбасының еліміз тәуелсіздік алғалы жүргізіп отырған саясатының басты діңгегі – тұрақтылық. Тарихи кеңістік тұрғысынан қарағанда, біздің Тәуелсіздік алған уақытымыз қас-қағым ғана сәтті құрайды. Елбасы осы бір азғантай мезетті жоғалтпай, Мәнгілік Ел идеясымен ұштастырып, оны жүзеге асыруда әрбір қазақстандық азамат ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай еңбек етіп және оны көзінің қарашығындай сақтауға міндетті екенін жеткізді.
Елбасының атап өткен бес халықтық реформасы Қазақстанның заманауи мемлекет ретінде дамуының бірден-бір кепілі болады деп сенемін. Әсіресе, көкейге қонғаны – сот жүйесіне қатысты айтылған сөздері. Бұрын-соңды қоғамдық өмірдегі сын пікірлерден тыс қалып қоятын жүйе ашық болуы керек екенін Президент ерекше атап өтті. Бұл қағида Қазақстанда мемлекетке деген халық сенімінің артуын, нарықтық қатынас субъектілері болып табылатын кәсіпкерлердің теңдігін, олардың меншік құқығын қамтамасыз ететін жалпықоғамдық қатынастардың әділдік негізінде дамуына жол ашатын бірден-бір шарт деп түсінуге болады.
Жалпы, Елбасы еліміздің болашағына қатысты көптеген мәселелерді қозғады. Ал бұл мәселелердің барлығы келешекте жүзеге асырылады деген ойдамын.
Нұрхан ЖӘЛИЕВ,
«Қазақстан саясаттанушылар Конгресі» Қызылорда облыстық филиалының директоры.
ҚЫЗЫЛОРДА.
Елді еңбек етуге шақырды
«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасы көптеген мәселелермен қатар қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет екеніне айрықша тоқталды. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек. Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел – тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады.
Шынында, ел болашағы жастарды білім алуға, еңбек етуге, адал болуға тәрбиелеуіміз керек. Елбасы айтқан Мәңгілік Ел идеясын жас ұрпақтың санасына терең ұялатуымыз қажет. ТарМПИ оқытушылары талапкерлерге жан-жақты білім берумен қатар, тәрбие жұмыстарын да терең де мағыналы жүргізуде. ТарМПИ басшылығы білімгерлердің терең білім алып, жан-жақты тәрбиеленуіне, ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасаған. Жақында еліміздің тарихын терең зерттеу мақсатында білім ордасында Баласағұн атындағы көне тарихты зерттеу орталығы ашылды. Бұл орталықта оқытушылар мен білімгерлер оңтүстік өңірдің тарихын зерттеп, ғылыммен айналысуға мүмкіндіктері мол. Қазақ елінің, халық тарихының тереңде, көнеден келе жатқанын ғылыми деректер дәлелдейді. Оған мысал еліміздің әр өңірінде табылып жатқан тарихи құнды жәдігерлер – «Алтын адамдар». Бұл қазақ халқының көне ұлт екенін, өз мемлекеті және қалалары болғандығын дәлелдейді.
Елбасы айтқандай, сайлау құр әншейін сайлау өткізу үшін емес, елді бірлікке шақырып, жұртты еңбекке ұйыту үшін болады. Ендеше ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел халқы сайлауда Елбасын қолдайтынына толық сенімдімін.
Бану МЕЙІРБЕКОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының практикалық шетел тілдері кафедрасының оқытушысы.
Жамбыл облысы.